Коронавирусқа бір жыл. Апта басы ажал мен індеттің тәжін киген вирус бір жасқа толды. Бөрікті аспанға ататын емес, десе де дата. Әлемді әлекке салған індет былтыр 17 қарашада алғаш рет адамға жұққан еді. Қытайдың Ухань қаласынан шығып, шартарапты шарлағалы бері қалыпты өмірден қалдық.
Тәжтажал жыл ішінде жаһанды түгел жайлап, бүгінге дейін 55.6 млн адам індетке шалдықты. Көз жұмғандар саны 1 млннан асып кеткен. Әуелде бұл ауру дімкәс адамдар, егде тартқандарды ғана алады деп едік, қатыгез вирус жасамысты да, жасты аямады.
COVID-19 жұқпасының әлем экономикасына келтірген залалы да орасан. Басқаны былай қойып, біздің елдің өзінде миллионнан аса адам жұмыссыз қалды, кәсіпкерлік нысандары тоқырап, бюджет 1 трлн теңгеден аса салық түсімдерінен қағылды. Сарапшылар болса пандемияның зардабын әлі бірнеше жыл тартамыз деп деп болжап отыр.