Құлшылықтағы баланс немесе Ұйқы туралы әсерлі уағыздар
Таха сүресі, 2-аят: «(Мұхаммед) Біз саған бұл Құранды (тым ұзақ түнгі құлшылықтармен өміріңді қиындатып) бақытсыз болуың үшін жіберген жоқпыз (яғни оны қысқарт)».
Ислам шарттарын ұстануда шектен тыс босаңсу және шектен тыс амал ету құпталмайды. Әрқашан орта жолды ұстануды құран және хадис қатаң ескертеді. Бақара сүресінің, 143-аятында: «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым еттік», - деп айтылады. Пайғамбарымыз (сас): «Діндегі шектен шығушылықтан сақтаныңдар, расында сендерге дейінгі қауымдарды діндегі шектен шығушылық құрдымға кетірді», - деп айтқан (ән-Насаи 4/49, Ибн Мәджа 3029).
Бір күні Пайғамбарымыз (сас) бірнеше жас жігіттердің әңгімесін естіп қалады. Аллаға деген махаббатын білдіру үшін әлгілердің бірі «мен күні-түні ұйықтамай намаз оқитын боламын» дейді, екіншісі «ал мен бір күнде қалдырмай ауыз бекітемін», үшіншісі «ал мен әйелдерге жоламаймын, мүлдем үйленбеймін», - деп айтады. Мұны естіген Пайғамбарымыз (сас): «Алламен ант етемін, мен сендерден де артық Алладан қорқамын әрі Оған жақынмын. Мен ауыз бекітемін және ашамын. Мен құлшылық қыламын және ұйықтаймын. Сондай-ақ, әйелдермен некеге тұрамын. Сондықтан кім менің жолымнан тайса, ол менен емес», - деп айтады (Бұхари, Муслим).
Дәл осы оқиғаға ұқсас Сәлман әл-Фарси мен Әбу әд-Дарда (ра) арасындағы оқиғаны еске алыңыздар. Соңғысы дінде тым шектен шығушылыққа бой алдырып, дүниені тәрк етіп тек құлшылыққа көңіл бөледі. Сол кезде Сәлман әл-Фарси (ра): «Расында сенің Раббыңның сенде ақысы бар, тәніңнің сенде ақысы бар, әйеліңнің сенде ақысы бар, ендеше әрқайсысына өз ақысын бер», - деп айтады. Кейін Пайғамбарымыз (сас) мұны естігенде: «Сәлман дұрыс айтады», - деген.
Ескере кетейік, «дін тек жүректе болуы керек, дін шарттарын зейнетке шыққанда орындаймын» деу шектен тыс босаңсу болса, дүниені тәрк етіп дінде шектен тыс фанатизмге бой алдыру да шектен шығушылық болады. Пайғамбарымыз (сас): «Дін – бұл жеңілдік. Кім онымен қасарысса жеңіледі», - деп айтқан (Бұхари). Сол себепті үмметтің алдындағы өз ақымызды һәм жауапкершілігімізді ұмытпауымыз керек. Бүгінгі мұсылмандардың қуғын-сүргінде жүріп, берекесі мен тыныштығы қашып, қайғыдан көз ашпауында әрбіріміздің қатеміз бар. Өткен іс өтті. Алайда болашақты өзгерту үшін үлес қосуға міндеттіміз. #ДіндегіОртаЖол
#ұйқы #уағыз #дін
1 view
1058
426
4 months ago 00:04:37 1
Құлшылықтағы баланс немесе Ұйқы туралы әсерлі уағыздар