Ислам – соңғы иләһи хақ дін. Діннің негізгі мақсаты – адамды екі дүние бақытына қол жеткізу. Ислам діні адам баласының бақытты болуы үшін қажетті алғышарттар мен сауапты амалдардың орындалуын бұйырып, күнәға жетелейтін амалдардан тыйған. Тыйым салынған үлкен күнәнің бірі – зина. Зина – некесіз жасалған жыныстық қатынас. Шариғатымыздағы үлкен күнәлардың бірі. Бұл күнәнің өзге күнәлардан айырмашылығы, ол екі жақтың қатысуымен іске асады. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде:
وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً
«Зинаға жоламаңдар! Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» («Исра» сүресі, 32-аят). Аяттың мағынасына мән берсек, бұл жерде Алла Тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыз үлкен күнәні жасау былай тұрсын, оған жақындамауды, тіпті оған апаратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырып тұр.
Яғни Алла Тағала өзге күнәларды, мысалы: «өлтірме», «серік қоспа» деп тікелей айтқан болса, зинаға байланысты оған жоламауды анық айтқан.