«Ауған соғысының мүгедектер және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігі жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күнінде майдан даласында мерт болған сарбаздарды еске алып, оларға тағзым жасауды естен шығарған емес. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, бірлестік мүшелері 2023 жылдың 11-12 мамыр күндері Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай, облыстың бірқатар аудандарына, атап айтқанда, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе аудандарына «Бірлік-Единство» атауымен автошеру ұйымдастырды. Бірлестік мүшелері әр аудан жұртшылығымен, ардагерлерімен кездесіп, Жеңіс ескерткіштеріне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, әруақтардың рухына құран бағышталды.