Шәкәрім Құдайбердіұлы - Қысқа сөз
Қояр ем мылжыңдамай, сөзiмдi ұқса,
Қайтемiн оны ұға алмай дiннен шықса.
Азды ұқсаң, бұл сөзiмдi анықтап ұқ,
Иеңдей болам деме, Иеңе ұқса.
Тәңiрiң – таза, болып бақ сен де кiрсiз,
Әлiң келсе, менен қаш‚ Иең – мiнсiз.
Бұл Құдайдай боламын деген емес,
Сөзiмнiң түбiн ұқпай деме дiнсiз.
Алланың пендесiне рақымы мол,
Сен де өзiңдей адамға мейiрiмдi бол.
Ол жаратты, сен-дағы жаратып бақ,
Бардан барды шығарсаң болады сол.
Керексiздi қылмайды Иең-дағы,
Мен де сүйтем деп қара сен де тағы,
Бiр Құдайың сабырлы, сен де шыда,
Бәрi осындай, ойлансаң, артқы жағы.
Мұны бiлсең, боласың сүйiктi құл,
Құлы болсаң, қожаңның сүйгенiн қыл.
Шын мұсылман болайын деп ойласаң,
Құдайға құл болудың мәнiсiн бiл.