«АМАНАТ»
Иті табылмаған Аида келін төсек тартып ауырып қалады. “Шетелде ұлым дәрігердің оқуын оқыды“ деп жүрген Науат апа Арманның әкесі армандағандай адам емдейтін дәрігер емес, әйелдерге косметикалық операция, яғни ерін, қас жасайтын дәрігер екенін білгенде ашуланады.
Науат апа шалының аманаттап кеткен қызыл жигулиін ресми түрде Арманға тапсырады. Күйеу балалары: - Апа, гаражды ашыңыз, біраз жыл өтті, көліктің жайын бір бақылап қояйық, - деп қанша рет айтса да, апа аманатқа берік боп, оларды көліктің маңына тіпті жолатпаған еді. Межелі күн келді, гараж есігі айқара ашылды. Көліктің бетіндегі брезент жабу сыпырылады, шаң басқаны болмаса заводтан жаңа шыққандай жап-жаңа көлік екені көрініп тұр. Барлығы таңдана бергені сол екен, көліктің төрт дөңгелегі төрт жаққа кетіп, кузовы жерге дүрс етеді, шаң бұрқ етеді. Бажалар: - апа, майлап қою керек деп айттық қой, біз меншіктеп мініп кететіндей сонша жыл жолатпадыңыз, - деп наздарын айтып жатыр. Қысқасы не керек, үш бажа аталарының аманатына қиянат болмасын деп, сол күні бар жұмыстарын жиып қойып, осы көлікті қалпына келтірумен айналысады. Арман мен Алан қызықтап қастарында жүр.
Көлікті жөндеп, жалтыратып жуып, Арманды отырғызып: - Ал, көлігің құтты болсын! - деп ат мінгізгендей мәртебемен отырғызып, ауладан шығарып салады. Науат апа: - Балам, ауылды аралап келсеңші, - деп қоймай жатыр. Арман мен Алан қызыл жигулимен ауылды аралайды. (Ауыл тұрғындарының тіршілігі көрсетіледі. Шаруашылығы дамып, алға басқан, көркейген ауылдың көріністері). Қызыл жигули жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Есігінің алдында отырған үлкен кісілер “ее, мынау Оразбектің көлігі ғой, Науаттың шетелдегі баласы келген екен ғой, дұрыс болған екен..“ - десіп әңгіме қылып жатыр. (Науат апаның да көшеге жүріп қайтыңдар деп қоймағандағы ойы сол еді, баласының келгенін жұртқа көрсетіп, бір марқайып қалу).
Бүгін болған оқиғаларды Алан өзінің бөлмесінде Джесикаға жазған хатында баяндап, қорытындылайды. Шатасып “қайырлы түн“ тілеп, артынша “Джесика, қайырлы таң!“ - деп өзгертіп, ұйқыға кетеді.